Түркістан облысында туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жоба қолға алынды. Қасқасу тау бөктерінде халықаралық талаптарға сай экологиялық тау-курортты қала салу жоспарланып отыр.Жобаның тұжырымдамасы өңір басшысы Нұралхан Көшеров пен халықаралық сарапшылардың қатысуымен талқыланды. Болашақ курорт теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасып, табиғатпен үйлескен сәулеттік шешімдерімен ерекшеленбек.Жоба барысында экологиялық талаптарға басымдық беріледі. Құрылыста табиғи материалдар қолданылып, заманауи «жасыл» технологиялар енгізіледі. Сонымен қатар, барлық қызмет көрсету жүйесі жасанды интеллект негізінде басқарылып, туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
Курорт жыл бойы жұмыс істейтін туристік орталыққа айналмақ. Қыста қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік болса, жаз мезгілінде табиғат аясында демалуға жағдай жасалады.
Мамандардың айтуынша, жоба толық жүзеге асқанда 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Осылайша Қасқасу Түркістан өңірінің жаңа туристік брендіне айналып, халықаралық деңгейдегі демалыс орталығы ретінде танылмақ.
