Әл-Фараби ауданына қарасты Теріскей шағынауданында тұрғындармен кездесуден соң қала әкімі өз жұмысын Тәшенов көшесінде жалғастырды. Мұнда да халықпен ашық форматтағы жиын өтіп, тұрғындар күнделікті өмірге тікелей әсер етіп отырған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық түйткілдерді ортаға салды. Әсіресе, Тәшенов және Астрахан көшелерінің қиылысында бағдаршамның жоқтығы көпшіліктің ең үлкен уайымына айналғаннн. Көлік қозғалысы тоқтаусыз жүретін бұл аумақта жаяу жүргіншілердің жолды кесіп өтуі қауіпті екенін айтуда.
Бұған қоса, жергілікті халық балаларға арналған ойын алаңшаларының аздығын тілге тиек етті.Сонымен қатар, тұрғындар аулаішілік жолдардың сапасын жақсарту, көше жарығын күшейту сияқты қосымша ұсыныстарын да ортаға салды. Әлеуметтік мәселелерді шешуде жергілікті биліктен жедел әрі нәтижелі әрекет күтетінін атап өтті.
Шаһар басшысы халықтың барлық ұсынысы мен арыз-шағымы назарға алынатынын айтып, жауапты басқармаларға тиісті тапсырмалар берілетінін жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар әкімнің халықпен бетпе-бет жүздесіп, мәселелерді тыңдағанына ризашылық білдіріп, айтылған талаптардың нақты орындалуын күтетіндерін жеткізді.
