Шымкент қалалық Партиялық бақылау комиссиясы сайлауалды бағдарлама аясында көзделген басым бағыттардың орындалуын бақылау мақсатында қала аумағындағы бірқатар білім беру нысандарына мониторинг жүргізді. Құрылыс жұмыстары кезіндегі олқылықтар тексеріліп, бюджеттен бөлінген қаржының сапалы жұмсалуы басты назарға алынған. Сонымен бірге, жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуы маңызды.
Тексерілген нысандардың бірі – №97 «Ақмарал» бөбекжай-балабақшасы. Мұнда бүгінде күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына “Сигрост” ЖШС жауапты. Құрылыс шілде айында басталған болса қазан айында нысанды ел игілігіне беру жоспарланған екен. Дегенмен, Мердігер мекеме басшысының айтуынша, небәрі бір ай ішінде бөлінген бюджеттің 60 пайызы игеріліп, балабақша қыркүйек айында жұмысын бастайды дейді.
Айта кетейік, «Ақмарал» бөбекжай-балабақшасы 1984 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір мұнда 290 бала тәрбиеленіп, 55 педагог қызмет етеді. Жөндеу жұмыстарына байланысты бүлдіршіндер уақытша Шығыс шағынауданындағы 3 бөбекжайға бөлініп орналастырылған.
