Елімізде жаңа оқу жылына дайындық қызу жүріп жатыр. Әсіресе 1-сыныпқа қабылдау науқаны қарқын алған. Шымкент қаласында 27 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында да бұл бағыттағы жұмыс белсенді жүргізілуде. Мектеп басшылығы биыл білім ордасының табалдырығын аттайтын оқушылар саны 200 болады деп жоспарлағанымен, қазіргі таңда 300-ге жуық өтініш түсіп үлгерген.
Құжат тапсыру процесі бүгінгі таңда толықтай онлайн форматта, яғни eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы жүзеге асырылады. Ата-аналар бұл жүйенің тиімділігін атап өтуде. Олардың айтуынша, цифрлық формат арқасында қағазбастылық азайып, уақытты үнемдеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар кезек күтіп, мектепке бірнеше мәрте бару қажеттілігі жойылған.
