УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ: ҚҰТҚАРУШЫЛАР МАРАПАТТАЛДЫ

Биыл Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр.
Ел өміріндегі бұл маңызды белес азаматтық қорғау жүйесінің қалыптасу тарихы мен дамуын айқындайтын ерекше кезең болып табылады. Мерейтой аясында шаһарда бірқатар жоба да іске асты. Айта кетсек, 19 қазан – Құтқарушылар күні. Бұл кәсіби мереке мегаполисте де ескерусіз қалмады. Бұл күні бүгінгі күннің батырларына құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара «Қызғалтақ» сарайында өтті. Мерекелік шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, төтеншеліктерді кәсіби мерекесімен құттықтады.

Шараның ресми бөлімінде төтенше жағдайлар жүйесінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге ҚР ТЖМ және қала әкімі мен мәслихат төрағасының атынан Алғыс хаттар табысталды. Мерейі үстем болғандардың қатарында Берік Қуанышбекұлы да бар. Уақыт пен орын талғамайтын қызмет иесі адам құтқаруды басты мақсат тұтқан. Ол қызметте болмаса да Бай парк сауда орталығындағы өрт кезінде жедел әрекет еткен. Қызыл жалынмен күрестегі Ерлігі үшін арнайы марапатталып отыр.

Иә, Төтенше жағдайда жедел әрекет етіп, тілсіз жаумен бетпе-бет келетін батыл азаматтардың мерекесі бұл. Қазір елімізде 40-қа жуық өрт сөндіру депосы бар. Шымкентте де олардың саны артып келеді. Бұл күні төтеншеліктерге құрмет көрсетіліп, концерттік бағдарлама да ұсынылды. Бұл күнгі қошемет бүгінгі күннің батырларына арналды.