Әйел – бесіктің де, қоғамның да тірегі Түркістанда әйелдердің қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама жүзеге асты. Әйелдер қанатының бастамасымен «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі ашылып, оқу дәрістері басталды.
Аталған жоба – батыл ойлайтын, жауапкершілікті сезінетін, көшбасшылыққа ұмтылған әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болмақ. 170 әйел қатысып, өз біліктіліктерін шыңдауда .
Іс-шара барысында Әйелдер қанатының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Жаңа мектептің басты мақсаты – әйелдердің әлеуетін ашу, кәсіби және тұлғалық дамуына жағдай жасау екені атап өтілді. Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар көшбасшылық мәдениеті, тиімді коммуникация, келіссөз жүргізу, эмоцияларды басқару, стресс-менеджмент, медиада имидж қалыптастыру, қаржылық сауаттылық және жобалық менеджмент бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.
Айта кетейік, көшбасшылық мектебінің оқу курстары кезең-кезеңімен ұйымдастырылып, өңірдегі әйелдердің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, жаңа бастамаларды жүзеге асыруына серпін бермек.
