Өңір жаңалықтарын жалғастырамыз!Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы аяқталатын күн жақын! Бұл жоба Мемлекет басшысының су үнемдеу технологияларын енгізу және су нысандарын жаңарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес іске асуда! Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданындағы жұмыс сапары барысында құрылыс алаңына барып, нысандағы жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы жауаптыларға құрылысты белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Жобаның жалпы құны 15 миллиард теңгеден асады. Ал су қоймасы 680 гектар аумақты алып жатыр. Ресми ақпаратқа сәйкес, 67 миллион текше метр су жинауға қауқарлы. Су Бөген өзенінен жеткізіледі. Жоба іске қосылғаннан кейін 10 мың гектарға жуық суармалы жер тұрақты ағын сумен қамтамасыз етіледі. Жаңа су қоймасы көктемгі тасқын суларды реттеп, артық суды жинақтауға, оны егіс маусымында тиімді пайдалануға және қажет кезде «Бөген» су қоймасын толықтыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, нысанның іске қосылуы өңірдегі су қауіпсіздігін күшейтіп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына оң ықпал етеді.
