«Арыс-2» теміржол вокзалы жаңарды. Заманауи талапқа сай жаңғыртудан өткен нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімінің орынбасары, Арыс қаласының әкімі, теміржол саласының мамандары мен ардагерлері және қала тұрғындары қатысты.
Теміржол вокзалында жолаушыларға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Мұнда ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар мен салқындату жүйесі орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы жағдай жасалған.
Перрон аумағында да ауқымды жұмыс атқарылған. 5 мың шаршы метр асфальт жабыны жаңартылып, жаңа күту орындары мен жарықтандыру жүйесі орнатылған. Айта кетсек «Арыс-2» теміржол вокзалы тәулігіне 300-ден астам, жылына 65 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Мұнда тәулігіне орта есеппен 18 пойыз қатынайды. Оның екеуі халықаралық бағытта жүреді.
жаңғырту жұмыстарының нәтидесінде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артады. Сондай-ақ жаңғыртылған вокзал Арыстың маңызды теміржол торабы ретіндегі мүмкіндігін одан әрі дамытуға сеп болады.
