Мақтаарал ауданындағы Фирдауси елді мекенінде 52 отбасы қоныс тойын тойлады. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға жаңа үйлердің кілті табысталды.Жаңа қоныс иелеріне үйдің кілтін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов табыстады.Бұған қоса әр отбасыға 7 сотық жер телімі берілген. Бұл тұрғындарға бау-бақша егіп, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге мүмкіндік береді. Жаңа шағынауданда қажетті инфрақұрылым да қарастырылған. Мұнда табиғи газ, электр энергиясы, ауыз су және кәріз жүйесі толық тартылған. Аулалар абаттандырылып, асфальт және кірме жолдар ретке келтірілген.
Айта кетсек, Фирдауси елді мекенінде жалпы 100 жаңа тұрғын үй салынған. Құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қалған баспаналар да тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Дегенмен жаңа шағынауданның инфрақұрылымы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта мұнда спорт және ойын алаңшалары мен мәдениет үйін салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Жаңажол ауылдық округі әкімінің аппараты Ақжол елді мекенінен Фирдаусиге көшіп, жаңа ғимаратқа қоныстанды.
