Шымкентте үздік сарбаздар марапатталды. Отан алдындағы борышын өтеп жатқан үздіктер бұл күні аналарымен қауышты. Әскери борышын абыроймен атқарып жүрген жауынгерлерді құттықтауға Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, Ұлттық ұлан қолбасшылығы мен қоғамдық ұйымдар өкілдері арнайы келген.
Бұл күн әсіресе аналар үшін ерекше болды. Себебі марапат аналарға үлестірілді. Ал Сахна төрінде баласы үшін тақымын қысып жүрген аналарды тосынсый күтіп тұрды. Себебі – түрлі әскери бөлімшелерде қызмет етіп жүрген ұлдары күтпеген жерден аналарымен қауышты. Гүл шоқтарын да ұсынды. Қуаныш пен сағыныш ұштасқан бұл сәтте көпшілік көз жасына да ерік берді.
Сондай-ақ, Үздік сарбаздарға алғыс хаттар мен 10 күндік демалыс беріліп, ерлігі мен тәртібі үлгі етілді. Мереке соңында 35748 әскери бөлімінің ән-би ансамблі, Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімі және «Яссы» ансамблі патриоттық рухты асқақтатқан концерт ұсынды. Зал толы көрермен қол шапалағын толастатпай, жауынгерлерге ризашылығын білдірді.
