Масс-медиа өкілдеріне арналған баспасөз туры №13 қалалық емханасында жалғасты. Шаһар тұрғындарына 1963 жылдан бері медициналық көмек көрсетіп келе жатқан емдеу мекемесі бүгінде 46 мыңға жуық адамға қызмет көрсетіп келеді. Журналистер қауымы емхананың бөлімдерін аралап, шұғыл және жоспарлы медициналық көмектің қалай ұйымдастырылғанын көзбен көрді. Қазіргі таңда мұнда 362 қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 101 дәрігер мен 200 орта буынды медицина қызметкері бар. Емханада жалпы тәжірибелік, терапиялық, педиатриялық бөлімшелерден бөлек, акушер-гинекология, оңалту, күндізгі стационар, скрининг, диагностикалық, әлеуметтік-психологиялық және бейінді мамандар бөлімі жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №11 бұйрығына сәйкес, емханада Дамыту және ерте араласу орталығы ашылып, жұмыс жүргізуде. Бұл орталықтың негізгі мақсаты – дамудағы ауытқуларды ерте анықтап, балаларға кешенді көмек көрсету және олардың әлеуетін барынша іске асыруға мүмкіндік беру болып отыр.
алдыңғы
