УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

СОҢҒЫ ЕКІ ЖЫЛДА ШЫМКЕНТТЕ ӨНДІРІС КӨЛЕМІ АРТТЫ

Screenshot

Шымкенттің соңғы екі жылдағы даму қарқыны қала әкімі басшылығымен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесін айқын көрсетіп отыр. Бұл кезеңде мегаполиске қомақты инвестициялар тартылып, жаңа өндіріс ошақтары ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Әкімнің бастамасымен ірі трансұлттық және шетелдік компаниялар қалаға сенім артып, өндіріс орындарын салды. Соның арқасында сусын өндірісі, керамика, құрылыс материалдары сынды салаларға жаңа тыныс берілді. Қаланың инвестициялық климаты жақсарып, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасалды.

Қала әкімі басшылыққа келгеннен бері құны 141 миллиард теңгені құрайтын 34 жоба іске қосылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Осы уақыт ішінде мегаполиске ірі шетелдік инвесторлар тартылды. Мәселен, 27 млрд теңге көлеміндегі инвестиция құйған трансұлттық «Coca-Cola» компаниясы қалада алкогольсіз сусындар өндіретін зауытын ашты. Сондай-ақ, қытайлық «Wan Sheng Ceramic» компаниясы құны 26 млрд теңгеге тең керамикалық тақтайшалар шығаратын фабриканы іске қосты. Бұл жобалар Шымкенттің өңдеу өнеркәсібіндегі әлеуетін күшейтіп, аймақ экономикасына тың серпін берді.

Әкімнің бастамасымен өндірістік инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Қолданыстағы бес өндірістік аймаққа қосымша аумағы 438 гектарды құрайтын жаңа «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары ашылды. Толық инфрақұрылыммен қамтылған бұл аймақтарда жаңа кәсіпорындар бой көтеріп, жүздеген азамат тұрақты жұмысқа орналасатын болады.

Инвесторларға ыңғайлы жағдай жасау үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Shymkent Invest» фронт-офисі қайта жанданды. Бұл орталық инвесторларды жобаны бастау кезеңінен бастап, толық сүйемелдеп, бюрократиялық кедергілерді азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен бірге қала әкімінің тікелей қолдауымен халықаралық деңгейдегі ірі жобалардың құрылысы басталды.

Шымкент қаласында түркиялық Alarko Holding компаниясы ірі ауыл шаруашылығы жобасын қолға алды. Инвестордың Қазақстандағы серіктесі – «Alsera KZ» компаниясы бүгінде жылыжай кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Құны 650 миллион долларды құрайтын жоба еліміздегі ең ірі заманауи жылыжай кешендерінің бірі болмақ. Жобаның жалпы аумағы 650 гектарды қамтиды. Құрылыстың алғашқы кезеңінде 400 декараға жуық жерге жылыжай салынып, оны 2025 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр. Ал кешен толықтай 2026 жылға дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін мұнда жылына 175 мың тоннаға дейін қызанақ өндіріледі. Негізгі өнім ішкі нарықпен бірге Оңтүстік Корея, Жапония және Ресейге экспортталатын болады. Жоба іске асқанда 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ кешен базасында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын арнайы академия мен жылыжай құрылымдарын шығаратын зауыт салу да жоспарға енгізілген. Бұл бастама Шымкенттің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экспорттық мүмкіндігін күшейтеді.

Қайнарбұлақ аймағында жалпы көлемі 208 гектар жер телімі бөлінген. Оның ішінде 162 гектары жылыжай кешендеріне арналған. Бүгінде шамамен 10 гектар аумақ пайдалануға беріліп, алғашқы қызанақ көшеттері 15 күн бұрын отырғызылған. Жобаның басты мақсаты – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін арттыру. Алғашқы кезеңде негізінен қызанақ өсірілмек, кейіннен қияр, бұрыш пен бақша өнімдерін де өндіру жоспарланып отыр.

Жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі Қайнарбұлақта іске асуда және ол 2027 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Екінші кезең Мәртөбе аймағында жүзеге асады. Мұнда жылыжай кешендерінің жалпы аумағы 450 гектарды құрайды. Осылайша, екі кезең толық аяқталғанда, жылыжайлардың жалпы көлемі 500 гектарға жетпек. Жобаны толығымен 2029 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда құрылыс пен өндірісте шамамен 500 адам жұмыс істеуде. Ал кешен толық іске қосылғанда, бұл көрсеткіш 5000 жұмыс орнына дейін жетеді. Жаңа жылыжай кешендерінде заманауи голландиялық 5-ші буын технологиялары қолданылуда. Олар әлемдік деңгейде ең озық жүйелердің бірі саналады.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту да әкімнің басты назарында. Қалада алғаш рет «Шағын өндірістік алаңдарды құру» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 72 мың шаршы метрді құрайтын үш өндірістік алаңның биылғы жылы 45 мың шаршы метрі пайдалануға беріліп, онда 200-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп жоспарланған. Бұл жүздеген тұрғын үшін жаңа мүмкіндік.

Кәсіпкерлердің ашық жұмыс істеуіне жағдай жасау мақсатында бөлшек салық мөлшері екі есеге азайтылды – 4 пайыздан 2 пайызға дейін. Бұл шешім шағын бизнеске үлкен қолдау көрсетіп қана қоймай, қала бюджетінің кірісін де еселеді. Мәселен, 2023 жылы бюджетке 9 млрд теңге түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 24,3 млрд теңгеге жетті.

2 жылда атқарылған жұмыстар жайын жалғастырамыз деген әкім, президенттің 2025 жылғы жолдауын талқылау кеңесінде жыл соңына дейін инвестиция көлемін кемінде 850 млрд теңгеге жеткізу, өнеркәсіп өнімін 1 трлн теңгеден асыру және шағын және орта бизнестің үлесін қала экономикасына 46,3%-ға дейін жеткізу керектігін айтты.

Осының барлығы – қала әкімінің екі жылдағы жүйелі еңбегінің нәтижесі. Инвестиция тарту, өнеркәсіптік әлеуетті арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында нақты қадамдар жасалды. Шымкент бүгінде тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де сенімді әріптес, инвесторлар үшін қолайлы алаң ретінде қалыптасып келеді.