9 қыркүйек — Тоғызқұмалақ күні. Бұл күн Шымкентте де екерусіз қалмады. Атаулы күнге орай республикалық флешмоб өтті. Оған мегаполис тұрғындары да белсене ат салысты. Яғни шаһардағы тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орындарында таңғы 09:00 ден бастап тоғызқұмалақ ойнады.
Әлемдік мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген ұлттық ойынымыз бүгінде халықаралық деңгейде қарқынды дамып келеді. Қазақстанда 200 мыңнан астам жанкүйері бар зияткерлік спорт түрі жылдан-жылға қанат жайып, әлемдік додада да беделін арттыруда. Соның ішінде Шымқалада екі мыңға жуық оқушы акцияға белсене атсалысып, ұлттық мұрамызды ұлықтауда.
Бұл шара жас ұрпақтың рухани байлығын арттырып қана қоймай, тоғызқұмалақтың жаңа буынға кеңінен таралуына жол ашатын маңызды қадам болып отыр. Айта кетейік онлайн флешмоб кешкі 21:00 ге дейін жалғасын табатын болады.
