УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

СЕМЕЙ ПОЛИГОНЫ ЖАБЫЛҒАНЫНА 34 ЖЫЛ: ПОЛИГОН ҚАСІРЕТІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Screenshot

Қазақ даласына ең үлкен қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 34 жыл толды . 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартып, бейбіт өмірді насихаттауын бүкіл әлем мойындайды, үлгі алады. Осыған орай Шымкент қаласында Жеңіс саябағында үлкен іс-шара ұйымдастырылып, полигон қасіреті мен зардабын ұмытпай, оның тарихи маңызын кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсат етілді.
Жиын батыр Сабыр Рахымовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Тағылымы терең, тағдыры ауыр, мағынасы биік бұл шараға Семей полигонының ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері мен ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері құрметті қонақ ретінде шақырылды. Өткен ғасырдың ауыр сынақтарына қарамастан елдің амандығы мен болашағы үшін күресіп, халықтың үнін жеткізген қайсар ардагерлерге алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, полигон қасіретін көрген бүгінде Шымкент қаласында 3 мыңға жуық адам тұрады. Жыл басынан бері Семей полигонында еңбек еткен 10-нан аса ардагер өмірден өтті. Мемлекет тарапынан ардагерлерге денсаулығын жақсартуға арналған көмек жүйелі түрде көрсетілуде.40 жыл қырғын көрген қазақ сахарасындағы Семей полигонында барлығы 456 сынақ жасалды. Олардың әрқайсысының қуаты Хиросимадағы атом бомбасының дүмпуінен екі жарым мың есе артық. Жойқын жарылыстардан 1,5 миллион адам зардап шекті.