Мегаполисте күн суығалы ЖРВИ және тұмаумен ауыратындар көбейген. Шаһарда қызылша жұқтырғандар да тіркеліп отыр. Осыған байланысты қалада жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары күшейтіліп отыр.
Мамандардың айтуынша, вакцинация жұқпалы аурулардың таралу қаупін азайтып, ауыр асқынулардың алдын алуға көмектеседі. Әсіресе балаларды қызылша, көкжөтел, полиомиелит, дифтерия және басқа да қауіпті инфекциялардан қорғауда екпенің маңызы зор. Сала жауаптылары желіде екпеге қатысты айтылған түрлі ақпаратқа сенбей, ресми мәліметке мән беруге шақырады.
Екпе қауіпті инфекциялардың таралуын тежеп, аурудың асқынуы мен өлім-жітімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Қазақстанда ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, тұрғындар 12 жұқпалы ауруға қарсы жоспарлы түрде вакцина алады. Олардың қатарында туберкулез, вирустық гепатит, полиомиелит, көкжөтел, қызылша, қызамық және басқа да инфекциялар бар.
Мамандардың айтуынша, халықты вакцинациямен кеңінен қамту ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға ықпал етеді. Вакцинация медициналық қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда жүргізіледі. Екпе алдында адамды дәрігер қарап, тексереді. Балаларға вакцина ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған жазбаша келісімімен салынады.
