Шымкент қаласында гобелен өнерінің негізін қалаушы, суретші Батырбек Өтептің туғанына 80 жыл толуына орай «Өнерімен өрілген ғұмыр» атты көрме ұйымдастырылды. Мерейтойлық шараның мақсаты өнер иесінің шығармашылық мұрасын кеңінен танытып, ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына қосқан үлесін ұлықтау. Көрмеге зиялы қауым өкілдері, өнер саласының мамандары мен суретшінің жақындары жиналды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, қала әкімінің ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізді.
Көрме орталығында Батырбек Өтептің әр жылдары дүниеге келген туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Көрермендер суретшінің өзіндік қолтаңбасымен танысып, шығармаларынан оның өнерге деген көзқарасы мен ізденісін байқай алды. Шара барысында суретшінің өмірлік серігіне арнайы сый-сияпат табысталып, өнер иесінің отбасына құрмет көрсетілді.
Мұндай тағылымды кездесулердің маңызы өткенді еске алумен ғана шектелмей, оның өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізуінде. Батырбек Өтептің шығармашылығы арқылы көрермендер гобелен өнерінің ерекшелігін тереңірек танып, суретшінің мәдениет саласындағы орнын бағамдай алады.
