Шымкент қалалық мәслихаты депутатының бастамасымен Қайнарбұлақ тұрғын алабында жергілікті халықпен кездесу ұйымдастырылды. Ашық форматта өткен жиынға тұрғындар белсенді қатысып, өздерін толғандырған өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, жарықтандыру мен жолдың жағдайы, әлеуметтік қолдау тетіктері, сондай-ақ елдімекенді абаттандыру мен қоғамдық көлікке қатысты сұрақтар көтерілді.
Тұрғындардың уәжіне құлақ түрген жауапты мамандар кейбір мәселелерді сол сәтте-ақ шешіп берді. Ал күрделілеу мәселелер арнайы бақылауға алынып, тиісті сала мамандарына тапсырылды. Айта кетейік, кездесуге қалалық мәслихат депутаты, Абай ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ қалалық бөлімдердің жауапты өкілдері де қатысты. Олардың қатысуы мәселенің жедел әрі жүйелі шешілуіне жол ашты.
Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, жергілікті атқарушы билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуға үлкен сеп болары сөзсіз.
