Көлік қызметкерлері күні аясында Шымкент қаласы білім басқармасы мен жол-көлік колледжінің ұйымдастыруымен ерекше шара өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын насихаттау және көлік саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегін елге таныту болды. Аталған колледж – мегаполистегі жол-көлік саласына қажетті техникалық мамандарды даярлайтын іргелі оқу орны. Бүгінде бұл білім ордасы жол құрылысынан бастап, көлік жөндеу, логистика, автокөлік электромеханикасы сынды түрлі бағыттар бойынша кәсіби мамандарды даярлап келеді.
Шара барысында колледж студенттері мен түлектер көлік қызметкерлерінің күнделікті жұмысын іс жүзінде көрсетті. Қатысушылар назарына арнайы көрмелер мен техникалық шеберлік сағаттары ұсынылды. Сонымен бірге, жол-көлік колледжі әлеуметтік әріптестеріне серіктестік үшін арнайы марапат табыстады.
Айта кетейік, мұндай іс-шаралар жастар арасында жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттырып, көлік саласының қоғамдағы маңызын ұғынуға септігін тигізеді.
