Түркістан қаласындағы Бокин көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлер жаңарып, тұрғындарға жайлы орта қалыптасып келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында мұнда тұрғын үйлердің қасбеттері жөнделіп, аулалар абаттандырылды. Ал тұрғындар тазалық пен көгалдандыруды өз жауапкершілігіне алған. Бұл аулаға кіргеннен-ақ оң өзгерістер көзге түседі. Жасыл желек жайқалып, балалар мен спорт алаңдары ретке келтірілген. Тұрғындар да ортақ аумақтың тазалығына бейжай қарамай, гүл егіп, ағаш отырғызып, ауланы күтіп ұстауға атсалысып жүр.
Мұндағы 18 екі қабатты үй 1950–1989 жылдары салынған. Онда барлығы 298 пәтер бар. Қазір бұл үйлердің инженерлік инфрақұрылымы ретке келтіріліп, автономды газ жүйесіне қосылды. Өткен жылы 15 үйдің сыртқы қасбеті жөнделіп, бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастырылды. Жөндеу барысында үйлер сырланып, әрленді. Бұған дейін де жаңғырту (модернизациялау) жобасы аясында шатырлары, кіреберістері мен қасбеттері жөндеуден өткен еді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеров тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірін тыңдады. Ол ауланы абаттандырумен қатар, оны таза әрі ұқыпты ұстау тұрғындардың да ортақ міндеті екенін атап өтті.
Абаттандырумен қатар, қауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөлінген. Аулаға сегіз бейнебақылау камерасы орнатылып, Полиция департаментінің теңгеріміне берілді. Тұрғындардың өтініші бойынша үйлердің техникалық жағдайы да зерделеніп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде.
