Мақтааралда халықаралық маңызы бар автомобиль жолының 24 шақырымнан астам бөлігі жаңартылып, пайдалануға берілді. М-39 «Алматы – Бішкек – Ташкент – Термез» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жөндеу барысында жолдың жүру бөлігі ретке келтіріліп, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылым жаңартылды.
Бұдан өзге, жол бойына жаңа аялдамалар, заманауи жол белгілері, жарықтандыру жүйесі мен тосқауыл қоршаулар орнатылды. М-39 дәлізі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік байланысында маңызды орын алады. Бұл бағыт арқылы жүк және жолаушылар тасымалы тұрақты жүзеге асырылады.
Жаңартылған жол «Целинный» және «Сырдария» өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттырып, халықаралық транзиттің дамуына жол ашады. Мақтаарал үшін бұл – жол сапасын жақсартумен қатар, ауданның көлік-логистикалық әлеуетін күшейтетін маңызды жоба. Жаңарған халықаралық дәліз өңірдегі сауда-саттық пен транзиттік байланысты жандандыруға мүмкіндік береді.
