УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

СОЗАҚТА ЗАМАНАУИ ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ

Созақта фосфоритті терең өңдейтін ірі өндіріс орны бой көтереді. Құны 150 миллиард теңге болатын жоба іске қосылса, мұнда мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұралхан Көшеров инвестормен кездесіп, зауыт құрылысының барысын талқылады. Жоба аясында фосфорит рудасын өндіруден бастап, оны байыту және терең өңдеуге дейінгі толық өндірістік цикл қалыптастыру көзделген. Кәсіпорын жылына 2 миллион тонна фосфат рудасын байытып, күкірт пен фосфор қышқылын, минералды тыңайтқыштар, сондай-ақ синтетикалық аммиак өндіреді.

Өнімнің бір бөлігі ішкі нарыққа бағытталса, қалғаны Қытай, Үндістан және жақын шетелге экспортталмақ. Қазір мамандар өндірістік алаң мен кен орнын зерттеп, руда үлгілерін алып, шикізаттың сапасы мен технологиялық мүмкіндіктерін нақтылап жатыр. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін биыл қазан айында аяқтау жоспарланған. Одан кейін инженерлік инфрақұрылым тарту, теміржол салу, су және электр желілерін жүргізу, қажетті жабдықтарды сатып алу және зауыт құрылысын бастау кезеңі қолға алынбақ.

Ауқымды жоба толық іске асқанда өңірде химия өнеркәсібінің жаңа өндірістік тізбегі қалыптасып, минералды тыңайтқыштар мен химиялық өнімдерді жергілікті жерде өндіруге мүмкіндік туады. Сонымен қатар алдағы 10 жылда бюджетке 43 миллиард теңгеден астам салық түсімі түседі деп күтілуде. Кәсіпорынды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жоба аясында 300 жас маманды шетелде оқытып, болашақ өндіріс үшін білікті кадр даярлау да көзделіп отыр.