УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ 108 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ТҰР

Түркістан облысында тұрғын үй кезегіндегі азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде бүгінде 108 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаждар есебінде тұр. Соңғы бес жылда 9 мыңға жуық адам жалдамалы пәтермен қамтылды. Тұрғын үй кезегін жүргізу функциясы «Отбасы банкке» толықтай өткеннен кейін кезекте тұрған азаматтарды түгендеу жұмыстары қолға алынған. Бұрын әкімдік кезегінде болған 69 мыңнан астам азаматтың 82 пайызы түгендеуден өтті. Қазір облыста дайын тұрған пәтерлердің басым бөлігі бойынша жалдау шарттары әзірленіп, баспаналар тұрғындарға үлестіріліп жатыр.

Өңірде тұрғын үйді жалдау ақысына субсидия беру де қолға алынды. Бүгінде 2 500-ден астам отбасы субсидия алып отыр. Бұл мақсатқа биыл облыстық бюджеттен 500 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі баспаналарды кезекте тұрған азаматтарға заң талаптарына сай әділ әрі уақытылы үлестіруді, түгендеу жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ нақты мұқтаж тұрғындарды қамтуға басымдық беруді міндеттеді.

«Отбасы банкінің» облыстық филиалы да Түркістан өңірін тұрғын үй құрылысы мен халықты баспанамен қамту бойынша республикадағы көшбасшы аймақтардың бірі ретінде бағалап отыр.