Түркістан облысында мал шаруашылығы мен ет өндірісі қарқынды дамып келеді. Өңірде жылына 130 мың тоннадан астам ет өндіріледі. Қазір Түркістан республика бойынша ет экспортында көш бастап тұрған өңірлердің бірі.
Жыл басынан бері сыртқы нарыққа 10 мың тонна ірі қара еті мен 14 мың тонна қой еті жөнелтілді. Өндірістің қуатын арттыру үшін өңірде мал бордақылау алаңдары көбейіп келеді.
Мәселен, Арыс қаласында бір мезетте 50 мың бас мал бордақылауға мүмкіндік беретін кешен жұмысын бастады. Ал Қазығұрт ауданында етті бағыттағы ірі қарадан дайын өнім өндіретін кәсіпорын бар. Мұнда табиғи шикізаттан түрлі шұжық және ет өнімдері әзірленіп, сауда сөрелеріне жол тартуда.
Аймақта мал басын көбейту, бордақылау алаңдарын дамыту және ет өңдеу кәсіпорындарын жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Негізгі мақсат – малды өсіруден бастап, дайын өнімді экспортқа шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қалыптастыру.
Бұл ауыл шаруашылығындағы өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді. Түркістанның ет өндірісіндегі әлеуеті осылайша ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, шетелдік тұтынушыларға бағытталған экспорттық жобалармен де толығып келеді.
