Түркістан облысының туристік және инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек малайзиялық делегациямен кездесті. Кездесуде Түркістанның туристік мүмкіндіктерін Малайзия нарығында таныстыру, шетелдік туристер ағынын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Қанат Қайыпбек өңірде тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Түркістан халықаралық әуежайының жылына 3 миллион жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы екенін айтып, Малайзиямен тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Малайзиялық тарап Түркістанның тарихи-мәдени мұрасына, әсіресе Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше қызығушылық білдірді. Туристік компания өкілдері Қазақстанды жаңа бағыт ретінде қарастырып, өңірдің қауіпсіздігі мен тарихи нысандарын шетелдік саяхатшылар үшін маңызды артықшылық деп бағалады.
Енді жуық арада Түркістан облысының туристік мүмкіндіктері Малайзияда өтетін көрме-жәрмеңкеде таныстырылады.
