«Ішімдіксіз ауыл» бастамасы ынтымағы берік елді мекендерден басталса, оның аудан көлеміне таралуы да оңай. Бұл — Сауран аудандық ақсақалдар алқасы мүшелерінің ұстанымы. Олар өңірдегі елді мекендерді аралап, ішімдік пен нашақорлыққа қарсы бастаманы насихаттап, тұрғындармен кездесулер өткізіп жүр. Кезекті жиын Шаға ауылдық округіне қарасты Бершінтөбе ауылында өтті.
Бершінтөбеде 4 дүкен бар. Ең бастысы, мұнда ішімдік сатылмайды. Себебі — тұрғындар тарапынан спирттік өнімдерге мүлде сұраныс жоқ.
Жалпы Шаға ауылдық округіне қарасты үш елді мекенде 17 дүкен жұмыс істейді. Олардың ішінде тек Бершінтөбе ауылында ғана ішімдікке сұраныс нөлге түскен. Енді ауыл әкімі бұл игі бастаманы округтегі қалған елді мекендерде де жалғастыруды көздеп отыр.
Ауызбіршілігі жарасқан ауыл тұрғындары өздерінің «Халал ауыл» деген атқа толықтай лайық екендігін айтады. Бұл маңда ішімдіктің кесірінен соңғы рет қашан ұрыс-керіс болғанын жұртшылық ұмытқан. Тіпті кез келген той-томалақ пен мерекелік жиындар да ішімдіксіз, өркениетті түрде өтеді.
Тіпті бұл дүкендерде ішімдік қана емес, темекі өнімдері де сатылмайды. Бершінтөбеден бастау алған «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы енді аудандағы Қосқорған ауылында жалғасын табады.
