УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТАМЫЗ КЕҢЕСІ: ТҮРКІСТАНДАҒЫ БІЛІМ ОШАҚТАРЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫН

Түркістан облысында білім саласының өзекті мәселелері талқыланып, жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Дәстүрлі тамыз кеңесінде білім сапасын арттыру, мектеп инфрақұрылымын жаңғырту, педагогтердің кәсіби дамуы және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелері сөз болды.

Бүгінде еліміздегі білім беру мекемелерінің 14 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Өңірдегі білім ұйымдарында 550 мыңнан астам бала оқиды. Ал жаңа оқу жылында 50 мыңнан астам бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданады. Бұл – республикадағы әрбір жетінші оқушы Түркістан облысына тиесілі деген сөз.

Жиында өңірдегі білім инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да таныстырылды. 2024–2025 жылдары облыста 29 жайлы мектеп пайдалануға берілген. Қазір облыстық бюджет есебінен тағы 13 білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Ал 2027–2029 жылдары қосымша 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар 115 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл мектептерінің материалдық базасын нығайтуға да басымдық берілген. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 5,1 миллиард теңгеге 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда.

Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Осы мақсатта алдағы үш жылға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті заманауи цифрлық жабдықтармен қамту жоспарланып отыр. Бұл ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының алшақтығын азайтуға мүмкіндік береді.

Тамыз кеңесінде білім саласының үздіктері де марапатталды. Бірқатар маманға «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды.

Өңір оқушыларының білім додаларындағы жетістігі де атап өтілді. Өткен оқу жылында ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиадада Түркістан облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атанып, бас жүлдені иеленді.

Жиын барысында педагогтер мен білім саласының мамандары өзекті мәселелерді талқылап, жаңа оқу жылына қойылатын міндеттерді айқындады. Сонымен қатар қатысушылар назарына білім саласындағы инновациялық жобалардың көрмесі ұсынылды.

Тамыз кеңесі – өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы басым бағыттарды белгілейтін дәстүрлі алаң. Биылғы жиында да білім сапасын арттыру мен заманауи білім беру ортасын қалыптастыру басты назарда болды.