Түркістан облысында ауылдардың табиғи, тарихи және мәдени әлеуетін туристік өнімге айналдыруға бағытталған жобалар қолға алынуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Өңір басшысының ұстанымы – ауылды дамыту тек инфрақұрылым тартумен шектелмеуі керек. Ауылдың табиғаты, тарихы, қолөнері, ұлттық тағамы мен өзіндік өмір салты туристерге ұсынылатын өнімге айналуы тиіс.
Осы мақсатта облыс әкімдігі отандық инвесторлармен бірлесіп, бірнеше жобаны пысықтауда. Солардың бірі – Ақмешіт-Ишан базар тарихи-архитектуралық кешенін «мешіт – музей – кітапхана – мәдени-ағартушылық орталық» үлгісіндегі рухани-мәдени кеңістікке айналдыру. Ал Шаяндағы Аппақ Ишан медресесін медресе, кітапхана, музей және зерттеу орталығын біріктіретін білім мен руханият ордасы ретінде дамыту көзделген.
Тау туризміне де басымдық берілуде. Қасқасу мен Сайрам-Өгем бағыттарында визит-орталық, этно-кофехана, демалыс аймағы және автотұрақтан тұратын туристік кешендер құру жоспарлануда. Олар табиғатты таныстырып, жергілікті мәдениет пен ұлттық гастрономияны насихаттайтын «туризм қақпасына» айналмақ.
Отырарда визит-орталық, кітапхана, қонақүй және глэмпингтерді қамтитын кешен құру жобасы қарастырылуда. Кентау маңындағы Хантау аумағында да отбасылық және белсенді демалысқа арналған жаңа туристік бағыт қалыптастыру жоспарланған. Негізгі мақсат – туристің Түркістанға келіп, бір нысанды көріп қайтуымен шектелмей, өңірде бірнеше күн аялдауына жағдай жасау.
