Ордабасыда өнеркәсіп саласы дамып келеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, биылғы бірінші жартыжылдықта ауданда жалпы өңірлік өнім 111 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға жоғары. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 88,5 пайызды құраған. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 26,6 миллиард теңгеге жетсе, сауда айналымы 14,5 миллиард теңгені құрап, жоспар артығымен орындалды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесін өңір басшысы халықпен ашық кездесу барысында баяндады.
Әлеуметтік салада да бірқатар нысан ел игілігіне берілді. Өткен жылы Ақбұлақ, Шұбарсу, Төрткүл және Қызылжар елді мекендерінде жаңа мектептер пайдалануға тапсырылған болатын. Биыл Елшібек батыр мен Ынтымақ ауылдарында тағы екі білім ұясын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар жыл соңына дейін 250 орындық Мәдениет үйі, кітапхана мен спорт кешенін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Инфрақұрылым мәселесіне де басымдық берілуде. Қазір ауданның 45 елді мекені көгілдір отынмен қамтылған. Газдандыру деңгейі 78,9 пайызға жетті. Биыл тағы 5 елді мекенде газ құбырларын тарту жұмыстары басталды.
Айта кетсек, осыған дейін тұрғындар көтерген 20 мәселенің 18-і толық шешілген. Оның ішінде елді мекендер орталықтандырылған ауызсумен қамтылып, 6 көшеге асфальт төселді. Ауданның қоғамдық көлік паркі 13 жаңа автобуспен толықты.
Темірлан ауылында 152 кредиттік пәтердің құрылысы да аяқталды. Ал өңір басшысы Ордабасыда жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған ұсыныстардың қолдау табатынын жеткізді.
