Түлкібас ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Жабағылы ауылдық округіндегі тағы бір ірі жобаның құрылыс барысымен танысты.
«Қарқын Трейд» серіктестігі мұнда жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салмақ. Құны 53 миллиард 700 миллион теңге болатын кешенде 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, құс сою және қалдық өңдеу цехтары, сондай-ақ тоңазытқыш қоймалар салынады.
Жоба толық жүзеге асқанда 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жоспар бойынша іс-шаралар үш кезеңге бөлінген.
Бүгінде он құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич-панельдермен қапталуда. Құс сою бекетінің аумағында да жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
