Ордабасы ауданындағы «Темірлан» өндірістік паркінде өндіріс қарқыны артып келеді. Бүгінде мұнда жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде 53 жаңа жұмыс орны ашылды.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапары барысында өндірістік парктің тыныс-тіршілігімен танысып, кәсіпорындарды аралады. Мұнда кір жуғыш ұнтақ пен сұйық жуғыш заттар, түйіршіктелген жем, шыны және металл бұйымдары шығарылады.
Өндірістік парк аумағында жаңа нысандардың құрылысы да жалғасып жатыр. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында жауапты мамандарға өндірісті дамыту мен құрылыс қарқынын сақтауға қатысты нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, өңірде өндіріс пен қайта өңдеу саласына инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте «Темірлан» өндірістік паркі – жаңа кәсіпорындар шоғырланған маңызды алаңдардың бірі.
