УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ: ӘСКЕРИ ТЕХНИКА ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ПОЛИГОНҒА АТТАНДЫ

Шымкент гарнизонының әскери бөлімінде ауқымды стратегиялық оқу-жаттығуға дайындық қызу жүріп жатыр. Жауынгерлік техника мен жеке құрам Жамбыл облысындағы «Матыбұлақ» полигонына аттанды.

«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық аясында Шымкент гарнизонының 35748 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қару-жарақ пен әскери техниканы теміржол платформаларына тиеу жұмыстарын жүргізді. Алдымен танкілер, жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, көпмақсатты тартқыштар мен «КамАЗ» автокөліктері арнайы рампалар арқылы платформаларға дәлдікпен орналастырылды. Әрбір техника қауіпсіздік талаптарына сай бекітіліп, алыс жолға әзірленді.

Әскери бөлім командирінің айтуынша, мұндай жұмыстар жас сарбаздар үшін тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңі болып табылады. Олар техниканы тиеу, бекіту және маршқа дайындау тәсілдерін тәжірибелі мамандардың қасында жүріп меңгереді. Әскери техниканың бір бөлігі оқу-жаттығу өтетін жерге теміржолмен жеткізілсе, енді бір бөлігі әскери автоколонна құрамында автомобиль жолдарымен аттанады.

«Батыл тойтарыс – 2026» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы еліміздің бірнеше өңіріндегі полигондарда өтеді. Оның барысында әскер түрлерінің өзара іс-қимылы, жауынгерлік басқару жүйесі және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету деңгейі сыналады.