Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке қарсы күресті күшейтті. Республика бойынша заң талаптарын бұзған 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды. Олар тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткен, сондай-ақ қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. ІІМ мәліметінше, мұндай контенттің, әсіресе кәмелетке толмағандарға қолжетімді болуы үлкен алаңдаушылық туғызады.
Шымкентте 48 жастағы тұрғын TikTok-тағы эфир барысында бейәдеп сөздер қолданғаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ал Талдықорған тұрғыны тікелей эфир кезінде қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқаны үшін айыппұл арқалады.
Павлодарда көлік жүргізіп келе жатып эфирге шыққан 26 жастағы азамат балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сот шешімімен ол 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Түркістанда да әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде бейәдеп сөздер айтып, агрессивті мінез-құлық көрсеткен стример жауапкершілікке тартылып, оған әкімшілік айыппұл салынды.
ІІМ интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы контентті анықтау және оның жолын кесу жұмыстарын әрі қарай да жалғастыратынын мәлімдеді.
