Түркістанда туристік әлеуетті арттырып, қала келбетін жаңғыртуға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге аспақ. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен жиында өңірдің дамуына серпін беретін 11 жоба қаралды. Нұралхан Көшеров заң талаптарына сай келетін және сәулеттік ерекшелігімен дараланатын жобаларға басымдық берілетінін жеткізді. Ұсынылған жобалардың қатарында Түркістан қаласында жеке инвестиция есебінен салынатын 1,6 гектар аумақты қамтитын заманауи сауда және ойын-сауық орталығы, қонақүй, мейрамхана, жанармай құю станциясы мен автокөлікке қызмет көрсету кешені бар.
Сондай-ақ құны 4,8 млрд теңге болатын медициналық туризм орталығын салу жобасы таныстырылды. Бұл нысан да толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру, «Түркістан – Қарнақ» туристік бағыты бойында ашық аспан астындағы археологиялық парк құру, көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын көгалдандыру жобалары қаралды.
Кеңесте мақұлданған барлық жобалардың заң талаптарына сай әрі сапалы жүзеге асырылуы тұрақты бақылауда болады.
