УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЭЛЕКТРОСАМОКАТ ТІЗГІНДЕГЕНДЕР ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЖОЛЫМЕН ЖҮРУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ

Самокатпен жүйткіп жүріп, жаяу жүргіншілердің жолын кесетіндер саны азайғандай. Бұған себеп – талаптың күшеюі. Иә, электросамокатқа қатысты ережелер кезең-кезеңімен қатаңдатылып жатыр.Енді электросамокатты 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана айдай алады. Ең бастысы — аяқжолмен жүруге шектеу қойылған. Тек веложолақ пен жолдың жүру бөлігіне ғана рұқсат!

25 тамыздан бастап электросамокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруге болмайды. Негізгі бағыт – велосипед жолағы. Ал жол ережесін бұзған самокат тізгіндегендер көлік жүргізушілерімен бірдей жауақа тартылады! Жазасыда жеңіл емес!

Ереже бұзғандарға ең азы 2 АЕК-тен басталып, 25 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал егер жол оқиғасы тіркеліп, адам жарақат алса — жауапкершілік одан да ауыр. Ауырлығына қарай 12 сағаттық қоғамдық жұмыстан бастап, 3 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.

Заң талаптарының күшеюі тегін емес. Өйткені самокат – жай ғана ойын-сауық құралы емес, жол қозғалысының толыққанды қатысушысы.

Шымкентте бүгінде екі ірі компанияның екі мыңға жуық электросамокаты қолданыста. Жыл басынан бері 400-ден астам самокат жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 155 самокат айыптұраққа қойылған. Негізгі себеп — жүргізушілердің самокатты ретсіз тастап кетуі. Ендеше, жаңа талаптар туралы шымкенттіктердің өздері не біледі? Самокат жүргізушілерінің жауапкершілігі күшейгенін тұрғындар қолдай ма?

Мәселенің тағы бір қыры – қауіпсіздік. Самокаттан құлау немесе көлікпен соқтығысу салдарынан жарақат алу қаупі де бар. Сондықтан бұл жерде тек тәртіп емес, адамның денсаулығы мен өмірі тұр.

25 тамыздан кейін ережені білмеу – жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан самокат мінген әр азамат өз қауіпсіздігін ғана емес, айналасындағылардың өмірі мен тыныштығын да ескергені жөн.