Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде жас сарбаздар әскери ант қабылдады. Салтанатты рәсімде Тараз, Түркістан және Алматы қалаларынан әскер қатарына шақырылғандар Отанға адал қызмет етуге ант берді. Олар осыған дейін бір айдан астам уақыт бойы алғашқы әскери дайындықтан өткен болатын. Салтанатты жиында әскери бөлім командирі, полковник Бауыржан Нұралиев жас жауынгерлерді құттықтап, әскери анттың әр сарбаз үшін аса маңызды әрі жауапты қадам екенін атап өтті. Сондай-ақ шараға сарбаздардың ата-аналары қатысып, балаларының Отан қорғаушысы атанған маңызды сәтіне куә болды.
Алда жас сарбаздарды бір жылдық әскери қызмет күтіп тұр. Осы кезеңде олар Шымкент қаласына қарасты арнайы нысандарды күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқарып, әскери машықтарын жетілдіреді.
