УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ГАРНИЗОНЫНДА ӘСКЕРИ ТЕХНИКАЛАР ТЕКСЕРІЛДІ

Шымкент гарнизонында әскери көліктердің техникалық жағдайы тексерілді. Әскери полиция қызметкерлері бөлімдер мен мекемелердегі көлік тұрақтарын аралап, техниканың талапқа сай болуын бақылауға алды. Негізгі мақсат — әскери көліктерді пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғалары мен түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу. Тексеру кезінде жеке құрамды тасымалдайтын барлық көлік қаралды. Әскери полиция мамандары көліктердің сыртқы жағдайына, техникалық жарамдылығына және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне назар аударды.

Сонымен қатар жүргізушілердің құжаттары да тексерілді. Атап айтқанда, әскери билеті мен көлікті басқаруға рұқсат беретін жүргізуші куәлігінің бар-жоғы қаралды. Әскери полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай тексерулер тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Себебі әскери техника күнделікті қызметте ғана емес, оқу-жаттығу кезінде де кез келген тапсырманы орындауға дайын болуы тиіс. Тексеру барысында көліктердің қауіпсіздігі мен техникалық дайындығына баға берілді. Мамандар анықталған кемшіліктерді уақытылы жою — әскери техниканы қауіпсіз пайдаланудың басты талаптарының бірі екенін атап өтті.