УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Қыстың қамын жаз ойла!  Түркістан облысында жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде 3 мыңнан астам әлеуметтік және тұрғын үй нысаны қысқы маусымға әзірленуде.Алдағы жылыту маусымына 1 310 білім беру, 737 денсаулық сақтау, 239 мәдениет, 74 спорт нысаны, 9 жұмыспен қамту мекемесі және 737 көпқабатты тұрғын үй дайындалады.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Жылу желілерін жөндеу 1 қазанға дейін, көпқабатты тұрғын үйлерді дайындау 20 қыркүйекке дейін, ал білім беру ұйымдарының әзірлігін 1 қыркүйекке дейін қамтамасыз ету міндеттелді.  Қазіргі таңда Кентауда магистральды және ішкі орамдық жылу желілері жаңғыртылып, №5 жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Түркістан қаласында ішкі орамдық жылу желілерін қайта жаңғырту жалғасса, Созақ ауданындағы Таукентте жаңа қазандықтардың құрылысы аяқталуға жақын.

Сонымен қатар өңірде табиғи газға көшу жұмыстарының нәтижесінде көмірге деген сұраныс 70,8 мың тоннаға азайған. Қазір облыстың көмірге қажеттілігі 535,6 мың тоннаны құрайды. Биыл тағы 34 елді мекен табиғи газға қосылып, қатты отынға деген сұраныс шамамен 40 мың тоннаға төмендейді деп күтілуде. Жылыту маусымына дайындық барысы облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Жалпы өңірде жылумен қамтамасыз етуге арналған 1 жылу энергетикалық кешені, 34 орталықтандырылған және 2 210 автономды қазандық жұмыс істейді.