Леңгер халқы әлі күнге дейін лай су ішуге мәжбүр. Сапалы ауыз суға қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың мәселесі Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында көтерілді. Жиында өңірдегі елді мекендерді ауыз сумен қамту, су тапшылығын жою және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды.
ресми мәліметке сәйкес, бүгінде өңірдегі 155 елді мекеннің тұрғындары суды кестемен пайдалануға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін 2026 жылы қомақты қаржы бөлініп, бірнеше ірі жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. сала жауаптысы жеткізген, баяндамадан кейін қоғамдық кеңес мүшелері саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, ауыз судың мақсатсыз әрі ысыраппен пайдаланылуы қызу талқыға түсті. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, кейбір тұрғындар ауыз суды бақша суаруға, көлік жууға, тіпті бассейн толтыруға пайдаланып жүр. Бұл өз кезегінде су тапшылығын күшейтіп отырған негізгі себептердің бірі.
Салаға жауаптылары мұндай жағдайдың қалыптасуына кейбір аудандардағы ауыз су тарифінің төмендігі де әсер еткенін айтады. Сондықтан суды шамадан тыс тұтынатындар мен оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатындарға сараланған тариф енгізу ұсынылды.
Бұл бастаманы қоғамдық кеңес мүшелері толық қолдады. Олар ауыз суды ысырап ететіндерге, көлік жуу орындары мен егістік, бақша суаруға пайдаланатындарға жоғары тариф белгілеу қажет екенін айтты. Кеңес мүшелері бұл мәселені созбалаңға салмай, нақты шешім қабылдау керектігін де жеткізді.
Мамандардың айтуынша, өңірдегі ауыз су мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған жобалар алдағы жылдан бастап қарқынды жүзеге асады. Ал қоғамдық кеңесте көтерілген ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдардың қарауына жолданып, нақты шешім қабылданады деп күтілуде.
