Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Қазір өңірде бірден 25 медициналық нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 8 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 11 медициналық пункт және 5 дислокация нысаны бар. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасының 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысы қорытындыланған алқа отырысында айтылды.Өңірде медициналық көмектің сапасын арттырумен қатар, ана мен бала денсаулығына да басымдық беріліп отыр. Соңғы 12 жылда ана өлімі 59 пайызға төмендеген. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 988 сәби дүниеге келген. Олардың арасында 87 егіз және 3 үшем бар. Медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамту деңгейі 84,85 пайызға жеткен. Қазір облыстағы мемлекеттік медициналық ұйымдарда 19 компьютерлік томография, 7 МРТ және 8 эксперттік деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты жұмыс істейді. Жаңа нысандардың құрылысы аяқталған соң шалғай елді мекендердегі тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігі арта түспек. Ал сала басшыларына вакцинация деңгейін көтеру, ана мен бала өлімін азайту және ауруларды ерте анықтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.
