Қариялардың белсенді өмір сүруіне жағдай жасау – бүгінгі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта Сайрам ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір » орталығында «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» атты облыстық тәжірибе алмасу шарасы ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысының 16 ауданындағы орталықтың басшылары қатысты. Олар, Сайрамдағы мекеме жұмысымен танысты. Басқосуда тәжірибе алмасып, қарияларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Шара барысында орталықтың ақ жаулықты әжелері ән шырқап, би билеп, ұлттық өнерді дәріптейтін көріністерді ұсынды. Көпшілік қариялардың көтеріңкі көңіл-күйі мен сахнадағы өнеріне ризашылықтарын білдірді.
Орталыққа тұрақты келетін қариялардың айтуынша, мұнда олардың бос уақытын тиімді өткізуіне барлық жағдай қарастырылған. Зейнеткерлер дәрігерлердің кеңесін алып, дене шынықтыру, йога, фитнес сабақтарына қатысады. Сонымен қатар, шығармашылық және мәдени-танымдық іс-шараларға араласып, құрдастарымен еркін қарым-қатынас орнатады. Бұл олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Сайрам ауданында бүгінде 20 мыңға жуық қарт тұрады. Ал Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығы 80-ге жуық қарияға тұрақты түрде қызмет көрсетіп, олардың белсенді әрі сапалы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап келеді.
