УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

АГРАРЛЫҚ НЕСИЕ ҚАРЖЫСЫН ЖЫМҚЫРҒАНДАР СОТТАЛДЫ

Түркістан облысында аграрлық саланы қолдауға бөлінген мемлекеттік қаражатты жымқыруға қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топ бірнеше жыл бойы жалған құжаттар арқылы миллиардтаған теңгені заңсыз иемденген. Олар ірі қара мал сатып алуға арналған мемлекеттік бағдарламасын пайда табу құралына айналдырған. Несие рәсімдеу үшін жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер тіркеліп, қолдан жасалған бизнес-жоспарлар мен құқық белгілейтін құжаттар ұсынылған. Ал кепілге қойылды деген 54 нысанның шын мәнінде болмағаны анықталған. Жалпы тергеу барысында 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, 24 жалған несие рәсімделгені белгілі болды. Осы схема арқылы мемлекетке шамамен 3 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың 27 мүшесі кінәлі деп танылып, 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.