Түркістанда Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. «Достық» үйінде ұйымдастырылған ауқымды рухани-ағартушылық жиынға ғалымдар, теологтар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып отыр. Негізгі мақсат – Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оны өскелең ұрпаққа кеңінен таныту. Семинарға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысты. Сонымен бірге, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбіш мемлекет басшысы жүктеген міндеттер аясында Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу мен кеңінен насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.
Жиында халықаралық қазақ-түрік университетінің және «Яссауитану» ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары баяндама жасап, Қожа Ахмет Ясауи ілімінің түркі дүниесіндегі орны, «Диуани хикметтің» тәрбиелік мәні және оның қазіргі қоғам үшін өзектілігі туралы ой бөлісті.
Сарапшылардың пікірінше, Ясауи мұрасын кеңінен дәріптеу жастардың рухани тәрбиесін күшейтіп, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға қызмет етеді.
Енді «Ясауи керуені» жобасы алдағы уақытта облыстың барлық қала-аудандарында жалғасады. Оның аясында тұрғындарға арналған ғылыми-танымдық кездесулер мен рухани-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.
