Түркістан облысында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте қаралды.
Жиында өңірдегі ауыз су жүйелерінің қазіргі жағдайы, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысы және алдағы жоспарлар талқыланды. Қазіргі таңда облыстағы 801 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Дегенмен, бірқатар ауылдарда су тәулік бойы үздіксіз берілмейтіндіктен, бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасып жатыр. Арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес, биыл Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекен тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылады. Сонымен қатар жыл соңына дейін тозығы жеткен су құбырлары жаңартылып, тағы 30 мыңнан астам тұрғынның ауыз су мәселесі шешіледі.
Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 36 ауыз су нысанының құрылысына 15,6 млрд теңге бөлінген. Оның 10-ы осы жылы пайдалануға берілсе, қалған жобалардың құрылысы келесі жылы жалғасады. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 2,7 млрд теңгеге 27 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 21 елді мекеннің ескі су желілері жаңартылады. Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды үздіксіз әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету өңірдегі негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті. Ол жауапты мекеме басшыларына құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды күшейтіп, су кестесімен берілетін елді мекендердің мәселесін созбалаңға салмай шешуді тапсырды. Сонымен қатар су шаруашылығы саласын цифрландыру мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын жеделдету міндеті жүктелді.
