Жалғастырамыз! Өңірде мәдени нысан саны тағыда артты! Бұл жолы Келес ауданындағы Жүзімдік ауылдық округінде 149 орындық жаңа мәдениет үйі мен кітапхана пайдалануға берілді. Мәдени нысанның салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады. Өңір басшысы мәдениетті ұлттың рухани тірегі екенін атап өтіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста мәдениет саласын дамыту мен ауылдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.
Жаңа мәдениет үйінде 149 орындық көрермен залы, кітапхана, конференц-зал, хореография залы, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер және қызметтік бөлмелер бар. Мұнда ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастырып, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге барлық жағдай жасалған.
