УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: 34 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛАДЫ

Түркістан облысында тұрғындарды табиғи газбен қамту және газ инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Өңірде газ саласына қатысты өзекті мәселелер Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жиында, елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету, жаңа жобаларды жүзеге асыру және саладағы қаржылық міндеттемелерді реттеу бағыттары қаралды. Қазіргі таңда облыстағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл – өңір тұрғындарының 88 пайызын құрайды.

Статистикаға сүйенсек, Өткен жылы өңірде газдандыру бағытына 20 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 45 нысан пайдалануға берілген. Нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген болатын. Ал биыл бұл жұмыстар жалғасады. Жыл соңына дейін тағы 33 нысан іске қосылып, 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газбен қамтылады деп жоспарланып отыр.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында газдандыру деңгейі 90 пайызға дейін жеткізілмек.