Техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру басты назарда! Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Бәйдібек ауданына жасаған жұмыс сапары барысында №19 көпсалалы колледждің жұмысымен де танысты. Алдымен әкім оқу орнының материалдық-техникалық базасын аралап, оқу кабинеттері мен өндірістік алаңдарды көрді. Сондай-ақ білім сапасын көтеру, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлау және түлектерді тұрақты жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударды. Әкім, жауаптыларға нақты тапсырмаларды жүктеді. Ал Колледж директоры Айдарбек Илиясов оқу орнының бүгінгі жұмысы мен алдағы даму жоспарларын таныстырды.
Қазіргі таңда колледжде 425 студент білім алады. 54 оқытушы 11 мамандық бойынша кадр даярлап келеді. Мұнда ветеринария, дәнекерлеу ісі, ақпараттық желілер, автокөлікке техникалық қызмет көрсету, тігін өндірісі, агрохимия, жеміс-көкөніс шаруашылығы және ауыл шаруашылығын механикаландыру сынды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар оқытылады. Айта кетсек, Өңірде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
