УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ӘСКЕРИ МІНДЕТТІЛЕРДІҢ ОН КҮНДІК ЖИЫНЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

Түркістан облысындағы «Орда» полигонында аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен өткізілген он күндік оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Қорытынды кезеңде қатысушылар стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау бойынша тактикалық-арнайы тапсырмаларды орындап, дайындық деңгейлерін көрсетті.

Арнайы жиынға 120 әскери міндетті қатысып, он күн бойы тактикалық, арнайы, атыс және мемлекеттік-құқықтық даярлық бағыттары бойынша білімдерін жетілдірді. Оқу бағдарламасы аясында әскери міндеттілер блок-бекеттердегі қызмет, қарауыл міндеттерін орындау және шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру тәсілдерін меңгерді.

Жаттығулар жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес ұйымдастырылып, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылына басымдық берілді. Теориялық сабақтардан кейін жеке құрам далалық жағдайда практикалық тапсырмаларды орындауға кірісті. Әскери міндеттілер штаттық қарудан оқу және бақылау атыстарын жүргізіп, стратегиялық нысандарды қорғау, елді мекен жағдайында қорғаныс ұйымдастыру және қауіп-қатерге жедел әрекет ету машықтарын шыңдады.

Оқу-жаттығу барысында алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт сөндіру, аумақты тінту және ұсталған адамдарды алып жүру бойынша арнайы тапсырмалар пысықталды.

Жиынның қорытынды кезеңімен Түркістан облысы әкімінің қорғаныс және әскери қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, полковник Амантай Акимкулов танысты. Ол оқу-жаттығуға қатысушылардың даярлық деңгейін жоғары бағалап, ұйымдастыру жұмыстарының сапалы жүргізілгенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, мұндай жиындар әскери міндеттілердің кәсіби машықтарын жетілдіріп қана қоймай, олардың Отан қорғау жолындағы жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, оқу-жаттығу жиындары кезеңінде әскери міндеттілердің негізгі жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталады. Сондай-ақ олар қажетті киім-кешекпен, тамақпен және ақшалай өтемақымен қамтамасыз етіледі.