УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

50 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ ЖЕР МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ

Түркістан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қарқын алды. Биыл өңірде 40 мың гектар жерді қайтару жоспарланғанымен, бүгінгі күнге дейін 47 мың 600 гектардан астам жер мемлекет меншігіне өткізілген. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралды. Жиында жер ресурстарын тиімді пайдалану және қоғамдық жайылым көлемін арттыру бағытындағы жұмыстар сараланды.

Мәжілісте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, өңір бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мақсатсыз пайдаланған жеке және заңды тұлғаларға тиісті хабарламалар жолданып, бақылау күшейтілген. Бүгінде облыста 87 мыңнан астам жер пайдаланушының иелігінде 4,5 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері тіркелген. Жер заңнамасының талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Қоғамдық жайылым тапшылығын азайту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Жыл басында өңірдегі жайылым тапшылығы 531 мың гектардан асқан. Осыған байланысты мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына беру жұмыстары қолға алынған.Нәтижесінде биыл қоғамдық жайылым ретінде бекіту жоспарланған 161 мың гектардың орнына 165 мың гектардан астам жер ауылдық округтердің теңгеріміне берілген. Сонымен қатар өңірде жерді тиімді пайдалану, инвестиция тарту және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында арнайы комиссия жұмыс жүргізуде. Комиссия осы уақытқа дейін ондаған жер пайдаланушыға қатысты құжаттарды қарап, тиісті шешімдер қабылдаған.