УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«FORTEBANK» ЗАМАНАУИ ҒИМАРАТ САЛАДЫ

Түркістан қаласы тек рухани-мәдени орталық қана емес, қарқынды дамып келе жатқан ірі іскерлік хабқа айналуда. өңірдегі қаржылық инфрақұрылымды жетілдіру және банк қызметінің сапасын арттыру мәселесі күн тәртібіне түскен емес. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ForteBank» Басқарма төрағасы Талғат Қуанышевпен және банк филиалының басшылығымен кездесіп, қалада жаңа заманауи банк ғимаратын салу жоспарын талқылады.Өңір басшысы шаһардағы іскерлік белсенділіктің артуына байланысты, тұрғындар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін қаржылық қызметтердің қолжетімді болуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, жаңа ғимараттың қаланың сәулеттік келбетіне үйлесімді болатынына сенім білдірді.Жобаға сәйкес, нысан екі немесе үш қабатты кешен түрінде бой көтереді. Келушілер мен клиенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат маңынан кең автотұрақ қарастырылмақ. Құрылыс жұмыстарын жақын арада бастап, оны 7-8 айдың ішінде толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр.Банк басшылығы облыстың басқа да аудандарында филиалдар ашуды көздеп отырғанын жеткізді. Жаңа нысанның ашылуы шағын және орта бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдегі банктік әрі цифрлық қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге тың серпін бермек.