УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістан облысындағы экономикалық көрсеткіштер қарқын алып келеді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қатысқан Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасы талқыланды. Биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша облыс экономикалық өсім қарқыны жағынан республикада бірінші орынға шықты.Түркістан қаласында өткен қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында негізгі назар – инвестиция тарту және өндірісті тереңдету мәселелеріне аударылды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс шикізат сатушы емес, дайын өнім өндіруші өңірге айналуы тиіс екенін атап өтті.

Өткен жылы облыста 176 млрд теңгеге 31 инвестициялық жоба іске қосылса, биылғы жоспар одан да ауқымды. Өңірде жіп иіру фабрикалары, құрылыс материалдары мен тұрмыстық техника шығаратын зауыттар өз жұмысын бастады. Мұның бәрі импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сандарды сөйлетейік! Өткен жылы облыстың сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Ал биылғы жылдың алғашқы 4 айында өңір экономикасы 25 пайызға өскен.

Алдағы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру көзделіп отыр. Нақтырақ айтсақ, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 13 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған. Бұл өз кезегінде өңірдің республикалық бюджетке тәуелділігін 40 пайызға дейін төмендетпек.